925

Батыс Қазақстанда әйел мүгедек күйеуін өлтіру үшін киллер жалдаған

Киллер тапанша тауып, ер адамды атуы керек болғанмен, жоспары іске аспай қалған.

Батыс Қазақстанда әйел мүгедек күйеуін өлтіру үшін киллер жалдаған
Orda.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2024 жылдың тамызынан бері Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында Эльвира Еркебаева мен Максим Кузнецовтың ісі қаралып жатыр. Екеуіне «кісі өлтіруге оқталды» деген айып тағылған. Бұл туралы Orda.kz жазды.

Тергеу нұсқасы бойынша, әйел бұрынғы күйеуі Ербол Еркебаевты өлтіру үшін киллер жалдап, оған 2 миллион теңге уәде еткен. Қылмысты іске асыруда оған 33 жастағы Кузнецов көмектескен. Ол тапанша тауып, ер адамды атуы керек болған. Бірақ жоспар іске аспай қалды.

Сотта белгілі болғандай, Ербол 20 жыл бойы әйеліне психологиялық қысым көрсетіп, қорлаған және соңына түскен. Ер адамның өзі сотта бірнеше рет «жәбірленушімін деп есептемеймін, ешқандай шағымым жоқ» деп мәлімдеген. Айта кетейік, Еркебаевтың екі аяғы жоқ, ол – мүгедек.

Бұл іс екінші мәрте алқабилер құрамымен қаралып жатыр. Себебі алғашқы құрам прокурор Доспол Жұбановтың өтінішімен таратылған.

21 тамыздағы отырыста прокурор Дина Ізтлеуова айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін айтып, Еркебаеваға 7 жыл 6 ай, ал Кузнецовқа 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Ал Эльвираның қорғаушысы Тамара Сарсенова мұнымен келіспейді. Оның айтуынша, сот барысында көптеген заңбұзушылықтар орын алған.

«Бұл – заңсыздық. Мұны сот процесінің өзі дәлелдеп отыр. Прокурорлар дәлелі әлсіз, тіпті арандатушылық болғаны аудиожазбаларда бар. Біз президентке, бас прокурорға хат жолдаймыз және алқабилердің әділ шешім шығаратынына сенеміз», – деді адвокат.

Үкім алдағы күндері жарияланады.

Материал авторы