501

Хасан Қасымбаев ісі: жәбірленуші қалай ұрланып, азапталғанын баяндады

Хасан Қасымбаев тағылған айыптарды мойындаған жоқ.

Хасан Қасымбаев ісі: жәбірленуші қалай ұрланып, азапталғанын баяндады
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 22 тамызда Талғар аудандық сотында 2021 жылы ұрланған әрі соққыға жығылған спортшы Арман Әлімов куәлік етті. Бұл туралы Kazinform жазды.

Әлімовтің айтуынша, ол Хасан Қасымбаевты 2016 жылдан бері таниды. Сотта берген жауабында ол оқиғаның қалай басталғанын егжей-тегжейлі баяндады.

«2020 жылы Еңбекшіқазақ ауданында атыс болып, Мадияр Қалымжанов жарақат алды. Кейін маған түрмеден Хасанның ағасы Ержан Қасымбаев хабарласты. Ол атысқа қатысым бар-жоғын сұрады. Мен жоқ дедім, тек таныстарым болғанын айттым», – деді ол.

2021 жылы Әлімовтің танысын белгісіздер соққыға жыққаннан кейін оның соңына аңду басталған.

«Үйімнің жанында көлік торуылдап тұрды. Бұл шамамен екі аптадай жалғасты. Кейін Руслан Әлімовті көріп, мені аңдып жүргенін түсіндім», – дейді жәбірленуші.

Ол өзін қалай ұрлап кеткенін де айтты:

«Дүкеннің жанында бес адам жабылды. Мадияр амандасып, қолымнан ұстап алды. Біреуі аяғымнан тартып, жерге құлатты. Есімді жисам, көліктің артқы орындығында отырмын. Руслан аяғымнан ұстап тұрды, Мадияр денемді, Ақтанов басымды қысып отырды. Мені Талғардың сыртындағы далаға апарды. Сол жерде битамен ұрды», – деді ол.

Әлімовтің сөзінше, қараңғы түсе Қасымбаевтың өзі келген. «Ол көліктен түспеді, терезеден қарап:

«Жетеді, кеттік, қызметкерлер келе жатыр», – деді. Кейін бәрі көліктеріне отырып, кетіп қалды. Телефоным бар еді, такси шақырып, үйге қайттым», – деді спортшы.

Хасан Қасымбаевқа адам ұрлау, ауыр дене жарақатын салу және бопсалау бойынша айып тағылған. Ол тағылған айыптарды мойындаған жоқ.

Сот отырысында айыпталушылардың адвокаттары прокурорды ауыстыруды сұрап, судья Айнагүл Тұқыбаева бұл өтінішті қанағаттандырды. Бүгін айыптау актісі оқылды.

Еске салсақ, Қасымбаев былтыр қарашада қамауға алынған.

Материал авторы