885

«Далада жатып, жылап жедел жәрдем шақырдым»: Астаналық қыз ат клубында ауыр жарақат алды

Клуб иесі қызға «Мінуді білмесе, неге мінеді» деп айтқан.

«Далада жатып, жылап жедел жәрдем шақырдым»: Астаналық қыз ат клубында ауыр жарақат алды
thread.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы танымал «Жорға» ат клубына барған бойжеткен қатты жарақат алды. Оның айтуынша, апатқа клубтағы нұсқаушы кінәлі. Бірақ мекеме өз жауапкершілігін мойындамай, керісінше дөрекі сөйлеген. Бұл туралы қыз Threads желісінде жазып, басынан өткен жағдайды баяндады.

Айтуынша, нұсқаушы ер-тоқымды дұрыс бекітпегендіктен, шабыс кезінде ол аттан құлап кеткен. Салдарынан қыздың қолы, көзінің асты сынып, миы шайқалған.

«Сездім, ер-тоқым бір жағына сырғып барады. Бірнеше рет аунап, жерге құладым. Аурудан шыңғырып, жылап жедел жәрдем шақыруды өтіндім. Инструктор менің көлігімді іздеп кетіп қалды, ал мен 15 минуттай даланың ортасында жалғыз жаттым. Кейін ол келіп, ауруханаға жеткізді де кетіп қалды. Дәрігерлер қолымның, көз ұясының сынғанын, ми шайқалғанын, бетімнің сезімталдығы жоғалғанын айтты. Анам клуб иесіне хабарласқанда, ол „Не болды? Сотқа беріңдер“ деп жауап берген. Өте дөрекі сөйледі, кінәсін мойындамады. Тіпті „Мінуді білмесе, неге мінеді?“ деді. Бірақ мәселе ер-тоқымда ғой, ол неге босап кетті?» — деп жазды бойжеткен.

Ал клуб әкімшілігі бұл айыптауларды жоққа шығарды.

«Бізде қатты шабысқа қатаң тыйым салынған. Бұл ереже техника қауіпсіздігі баннерінде көрсетілген және әр клиентке түсіндіріледі. Аттар үйретілген, бірақ бәрібір олар жануар, ережені бұзса, түрлі жағдай болуы мүмкін. Егер клиент нұсқауларды елемесе, біз жауап бермейміз», — деді клуб өкілдері.

Клубтың айтуынша, олар қыздың отбасымен бірнеше рет хабарласып, халін сұраған және дәрі-дәрмекке немесе емнің бір бөлігін төлеуге көмек ұсынған.

Материал авторы