Ақтауда ойын орталығында темір конструкция бүлдіршіннің үстіне құлады
Қазір аяғына баса алмайды дейді анасы.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 21 тамызда Ақтаудағы Saya Park сауда орталығындағы APOLLO ойын алаңында үш жастағы бала жарақат алды.
Оқиға кезінде салмағы шамамен 50 келі болатын металл тіреу бүлдіршіннің үстіне құлаған. Нәтижесінде оның аяғы жараланып, жүре алмай қалған.
«Қазір аяғына баса алмайды. Екі күннен бері түнде ұйықтамай, жылай береді, аяғы ауырады деп шағымданады. Бүгін қызуы көтерілді. Дәрігерге қаралдық, алда толық тексеру мен ем бар», – деді баланың анасы.
Әйелдің айтуынша, орталық әкімшілігі шығынды өтеу орнына аквапарк билеттерін және дәрі-дәрмекке кететін ақыны ұсынған. Алайда анасы кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп, емге кеткен шығын мен моральдық өтемақыны өндіріп алмақ.
Полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Сондай-ақ кәсіпкерлер палатасы қосымша тексеріс жүргізеді.
Материал авторы