Атырауда далада ұйықтаған бала жайлы жаңа дерек пайда болды
Бала әкесіне ренжулі және анасын ауруға душар етті деп кінәлайтынын айтқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда жұртшылықты дүрліктірген картон төсеніште жатқан 14 жастағы бала қазір мамандардың бақылауында. Олар жеткіншектің психоэмоционалдық жағдайына қатысты қорытынды жасады.
Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Айжан Сарсембаеваның айтуынша, бала сұхбат барысында бір-біріне қайшы әңгімелер айтқан.
«Сұхбат кезінде шатасып, әңгімесін өзгертіп отырды. Мысалы, бастапқыда “Мерей” базарында жұмыс істедім, көлік бөлшектеп, 150-ден астам магнитофон жинадым деді. Бірақ нақты сұрақтар қойылғанда бұл деректер расталмады», – деді ол.
Жеткіншек ұйқысыздық пен қорқынышты түстерге шағымданғанымен, педагогтар оның сөйлесуге ашық екенін және сәл сабырлы көрінетінін айтады. Дегенмен ішкі күйзеліс байқалатынына мамандар назар аударды.
Отбасындағы жағдай да алаңдатады. Бала әкесіне ренжулі және анасын ауруға душар етті деп кінәлайды. Әйелдің денсаулығына байланысты жүре алмайтыны бұрын хабарланған. Отбасыны туыстары мен таныстары бағып отыр.
Өткен көктемде комиссия анасының ата-ана құқығынан айыруды ұсынғанымен, сот бұған келісім бермеген. Еске салайық, әлеуметтік желіде баланың картон төсеніште түнеген суреті тараған соң, оны қайтадан бейімдеу орталығына орналастырды, ал оның үш жасар қарындасы балалар үйіне жіберілді.
Материал авторы