Ұлдана Мырзуанның өлімі: сотталушының адвокаты судьяны істен шеттете алмады
Сот шешімі бойынша Меруерт Абаева Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты істі қарауды жалғастырады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында айыпталушы тарап судьяны істен шеттетуді сұрады. Алайда сот қорғаушының өтінішіне негіз жеткіліксіз деп тауып, судья Меруерт Абаеваны істі қараудан шеттетпеді.
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты істің екінші сот отырысы өтті. Отырыста сотталушы Сәуле Жұбаниязованың қорғаушысы Асхат Алимов судья Меруерт Абаеваға қарсылық білдіріп, оны істі қараудан шеттетуді сұрады.
Қорғаушының өтінішін сот төрағасының міндетін атқарушы Самат Сембаев қарады.
Сот нәтижесінде қорғаушының талабы қанағаттандырылған жоқ.
«Сот барлық мән-жайды зерделеді және судьяны ауыстыру қажет деп таппады. Адвокат келтірген қарсылық негіздері жеткіліксіз. Осыған байланысты Меруерт Абаева істі қараудан шеттетілмейді, ал мәлімделген қарсылық негізсіз деп танылды», – деді Самат Сембаев.
Осылайша, істі қарауды судья Меруерт Абаева жалғастырады.
Ұлдана Мырзуан қалай қаза тапты?
Еске салайық, 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тұрғын үйдің кіреберісіндегі кірпіш қаптаманың бір бөлігі кондиционермен бірге құлаған. Оқиғадан бес адам зардап шеккен.
Олардың арасында жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан да болды. Ол оқиға орнына зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін барған. Адамдарға көмектесіп жүрген сәтте ғимараттың екінші қабатынан кондиционер құлап, фельдшер ауыр жарақат алған.
Дәрігерлер 8 қарашадан бастап оның өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салғанымен, алған жарақаты тым ауыр болып, Ұлдана Мырзуан ауруханада көз жұмды.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қаза болған фельдшердің жақындарына көңіл айтып, Ұлдананың соңғы сәтіне дейін адамдарды құтқаруға тырысқанын атап өткен.
Мемлекет басшысының жарлығымен Астана жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшері Ұлдана Мырзуан экстремалды жағдайда қызметтік борышын мінсіз атқарып, ерлік пен жанқиярлық танытқаны үшін қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Материал авторы