Ұлдана Мырзуанның бұрынғы күйеуі сотта 20 млн теңгенің қайда жұмсалғанын айтты
Сотта Зейнел отбасы материалдық көмекті ешқандай құжатқа қол қоймай алғанын мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада қаза тапқан жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның жесірі Әділет Зейнел әкімдіктен алынған 20 млн теңге материалдық көмектің қайда жұмсалғанын сотта айтып берді.
Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты соттың екінші отырысы өтіп жатыр. Сотта марқұмның жесірі Әділет Зейнел әкімдіктен алған материалдық көмек пен оның қалай бөлінгенін түсіндірді.
Оның айтуынша, отбасы қала әкімдігіне материалдық көмек көрсету туралы өтініш берген. Кейін мәслихат депутаты отбасыға 20 млн теңгені қолма-қол берген.
Зейнелдің сөзінше, ақша берілген кезде ешқандай құжатқа қол қойылмаған. Ол қаржыны Ұлдананың әпкесімен бірге алғанын айтты.
Жесірінің айтуынша, қаражаттың бір бөлігі отбасының несиелерін өтеуге жұмсалған.
Атап айтқанда:
-
9,2 млн теңге көлеміндегі автокөлік несиесі үш күн ішінде өтелген;
-
тағы 4,3 млн теңге несиеге жұмсалған;
-
шамамен 4,5 млн теңге Ұлдананың анасына берілген;
-
қалған қаражат ұсақ шығындарға және қайырымдылық мақсаттарына жұмсалған.
Зейнел сондай-ақ марқұмның анасына ақша беруді өзі шешкенін айтты.
Жесірі жәбірленуші мәртебесінен бас тартқысы келеді
Әділет Зейнел сотта бұған дейін жәбірленуші мәртебесінде болғанын да айтты. Оның сөзінше, қазір ол жаңа отбасын құрғандықтан, жәбірленуші мәртебесінен бас тартып, бұл мәртебені Ұлдананың анасына беруді қалайды.
«Мен жаңа өмір бастадым, үйлендім. Жұбайымның анасының өтініші бойынша жәбірленуші мәртебесінен бас тартып, әрі қарай істі өзі жалғастырғанын қалаймын», – деді ол.
Зейнел сотталушыға қатысты жеке талап-арызы жоқ екенін айтып, соңғы шешімді соттың қарауына қалдырды.
Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс
Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетіндегі кірпіш қаптама мен кондиционердің құлауынан зардап шеккен.
Оқиға орнына жедел жәрдем құрамында барған фельдшер үйінді астындағы адамға көмектесуге тырысқан кезде, жоғарыдан кондиционер құлап, ауыр жарақат алған.
Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, 18 қарашада фельдшердің қайтыс болғаны белгілі болды. Кейін Ұлдана Мырзуан қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Іс бойынша сот процесі 18 тамызда басталды. Сот отырыстары онлайн көрсетіліп жатыр.
Бүгін сотта сотталушы тараптың адвокаты судьяға қарсылық білдірген. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмай, судьяның істі қарауын жалғастыруына шешім шығарды.
Материал авторы