Ақмолада көкпар кезінде қаза тапқан 13 жастағы баланың отбасы істің қайта қаралуын талап етті
Марқұмның туыстары қарсы шабандоздың әрекетіне құқықтық баға берілмегенін айтып, істі қайта тексеруді талап етті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысында көкпар ойыны кезінде ауыр жарақат алған 13 жастағы Дінмұхаммед көз жұмды. Оның туыстары қайғылы жағдайға қарсы шабандоздың әрекеті себеп болуы мүмкін деп санайды. Алайда қылмыстық іс екі айдан кейін тоқтатылған. Отбасы тергеуді қайта қарап, оқиғаға құқықтық баға беруді талап етіп отыр.
Қайғылы жағдай 26 мамырда Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Қабанбай батыр ауылында болған. Дінмұхаммед «Жанбөбек» командасының құрамында көкпар ойнаған.
Марқұмның туысының айтуынша, «Қаражар» мен «Жанбөбек» командалары арасында жаттығу ойыны өтіп жатқан кезде Дінмұхаммед серкені қарсыласына бермей, ойын ережесі бойынша әрекет еткен. Осы сәтте қарсылас командадағы Санжар есімді шабандоз оған қарай жоғары жылдамдықпен келіп, соқтығысқан. Бала ауыр жарақат алып, кейін ауруханада қайтыс болған.
Туыстары тергеу қорытындысына күмән келтірді
Марқұмның жақындары оқиғаның ресми нұсқасына қатысты сұрақтары бар екенін айтты. Олардың сөзінше, сараптама қорытындысында балаға ауыр дене жарақаты қатты доғал заттың әсерінен келгені көрсетілген. Туыстары құжатта жарақаттың нақты аттан құлау салдарынан болғаны туралы тұжырым жоқ екенін алға тартады.
Сондай-ақ отбасы оқиға кезінде болған куәгерлердің жағдайды толық баяндамағанын айтып отыр. Сондықтан олар қайғылы жағдайдың барлық мән-жайы жан-жақты зерттелмеді деп есептейді.
Қылмыстық іс екі айдан кейін тоқтатылған
Туыстарының мәліметінше, оқиғадан кейін Ақмола облысының полициясы мен прокуратурасы қылмыстық іс қозғаған. Алайда 29 шілдеде іс тоқтатылған.
Отбасы осы шешіммен келіспейді. Олар көкпар кезінде ереже бұзды деп есептеген шабандоздың әрекетіне де құқықтық баға берілуі керек деп санайды.
Осыған байланысты марқұмның жақындары істі қайта қарауды және оқиғаның шынайы себептерін толық анықтауды талап етіп отыр.
Полиция не дейді?
Ведомствоның мәліметінше, аталған факт бойынша мамыр айында қылмыстық іс қозғалып, тергеу аясында қажетті әрекеттер толық жүргізілген.
Полиция қылмыстық істің 29 шілдеде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылғанын және бұл шешімді аудан прокуратурасы бекіткенін мәлімдеді.
Қазір марқұмның отбасы істің қайта қаралып, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайына объективті құқықтық баға берілуін талап етіп отыр.
Материал авторы