119

ШҚО-да қос азаматтықты жасырған 550 адам Қазақстан азаматтығынан айырылды

Зейнетақы мен жәрдемақы үшін Қазақстан құжаттарын сақтағандар анықталды.

ШҚО-да қос азаматтықты жасырған 550 адам Қазақстан азаматтығынан айырылды
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 550 адамның Қазақстан азаматтығын жоғалтқаны тіркелді. Олардың бір бөлігі шетел азаматтығын алғанын уәкілетті органдарға хабарламай, қазақстандық құжаттарын пайдалануды жалғастырған. Бұл туралы Polisia.kz басылымы жазды.

Шығыс Қазақстан облысында көші-қон қызметінің тексеруі нәтижесінде жыл басынан бері 550 адам Қазақстан азаматтығынан айырылған. Олардың шетел азаматтығын алғаны анықталған.

Құзырлы органның мәліметінше, кей тұрғындар Қазақстан азаматтығынан айырылғанына қарамастан ел құжаттарын тапсыруға асықпаған. Осы арқылы олар зейнетақы төлемдері, әлеуметтік жәрдемақылар мен өзге де жеңілдіктерді сақтап қалуға, сондай-ақ Қазақстанға еркін кіріп-шығуға тырысқан.

Қазақстан заңнамасын тікелей бұзған 35 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Құжаттарын уақытында тапсырмағандар анықталды

Әкімшілік құқық бұзушылықтар былай бөлінген:

  • 26 адам шетелден жаңа азаматтық алғаны туралы уәкілетті органдарға белгіленген мерзімде хабарламаған;

  • 9 адам шетел азаматы мәртебесіне өткеніне қарамастан, Қазақстан азаматының жеке куәлігі мен паспортын пайдалануды жалғастырған.

Полиция бұл мәселеде Өскемен қаласының 64 жастағы тұрғынын мысал ретінде келтірді.

Зейнеткер басқа мемлекеттің азаматтығын алғанымен, Қазақстан құжаттарын тапсыру міндетін орындамаған. Көші-қон қызметінің тексеруі кезінде оның Қазақстан азаматының паспорты тәркіленіп, азаматтығы тоқтатылған.

Полиция азаматтарға Қазақстанда қос азаматтыққа жол берілмейтінін тағы бір мәрте ескертті.

Егер азамат басқа мемлекеттің паспортын алса, ол заңда белгіленген мерзім ішінде бұл туралы көші-қон қызметіне хабарлап, Қазақстан азаматының жеке басын куәландыратын құжатын тапсыруға міндетті. 

Материал авторы