«10 күннен кейін көрісеміз»: Астанада танымал әзілкештің концерті тоқтатылды
Қойылым кезінде сахнаға шыққан азамат концерттің тоқтатылатынын айтып, шараның заңсыз өтіп жатқанын мәлімдеген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық стендап-комик Ғалым Қалиақпаровтың қойылымы кезінде сахнаға азаматтық киімдегі ер адам шығып, концерттің тоқтатылатынын мәлімдеген. Кейін іс-шараның әкімдікпен ресми келісілмегені анықталды. Бұл туралы «За нами уже выехали» Telegram-арнасы жазды.
Ғалым Қалиақпаровтың Астанадағы стендап кеші күтпеген жағдаймен аяқталды. Қойылым қызған сәтте сахнаға азаматтық киімдегі ер адам шығып, шараның тоқтатылатынын хабарлаған.
Ол концерттің заң талаптарын бұза отырып өткізіліп жатқанын айтқан. Комик пен көрермендер оның нақты себебін сұрағанымен, ұзақ пікірталастан кейін әлгі адам Қалиақпаровтың «қазіргі уақытта боқтық сөздер айтып жатқанын» алға тартқан.
Көрермендер одан құжаттарын немесе құқық бұзушылыққа қатысты дәлелдерін көрсетуді талап еткен. Алайда сахнаға шыққан адам бұл талаптарға жауап бермеген.
Қалиақпаров жағдайды әзілмен қабылдап, көрермендерге билеттер үшін ақша қайтаруды жоспарламайтынын айтып, ирониямен «10 күннен кейін көрісеміз» деген.
Ішкі істер министрлігі не деді?
Оқиғаға қатысты түсініктеме алу үшін журналистер Ішкі істер министрлігіне жүгінген.
Министрлік өкілдері бұл оқиға бойынша өз қызметкерлерінің ешкімді ұстамағанын айтып, мәселе бойынша аудан әкімдігіне хабарласуды ұсынған.
Кейін Есіл ауданының әкімдігі оқиғаның мән-жайын түсіндірді.
Әкімдік мәліметінше, концерт ресми түрде келісілмеген. Ұйымдастырушылар іс-шара өткізілетінін аудан әкімдігіне заңда көзделгендей, кемінде 10 күн бұрын хабарламаған.
Әкімдік өкілдері не үшін келген?
Аудан әкімдігі қызметкерлерінің айтуынша, олар іс-шара өтетін орынға заң талаптарын және көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібін түсіндіру үшін барған.
Алайда ұйымдастырушылар шенеуніктерді мекеме аумағына кіргізуден бас тартқан.
Осыдан кейін ұйымдастырушылар Есіл аудандық полиция басқармасына жеткізіліп, профилактикалық әңгіме жүргізілген. Оларға келісілмеген бұқаралық іс-шара өткізудің ықтимал құқықтық салдары түсіндіріліп, кейін босатылған.
Әкімдік өкілдері алдын ала хабарлау талабы жай ғана формальды рәсім емес екенін атап өтті. Мұндай тәртіп төтенше жағдай туындаған кезде жедел қызметтердің жұмысын алдын ала үйлестіруге және қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Материал авторы