978

Ресейде жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматы қаза тапты

Омбыда құрылыс кезінде өрт шығып, қазақстандық жұмысшының 70 пайызы денесін күйік шалған.

Ресейде жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматы қаза тапты
РФ ТЖМ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейдің Омбы қаласында құрылыс алаңында болған өрттен Қазақстан азаматы көз жұмды. 2002 жылы туған жас жігіт денесінің шамамен 70 пайызы күйіп, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Бұл туралы ТАСС агенттігі жазды.

Оқиға 15 тамыз күні таңертең Омбыдағы Крупская және Архитекторов көшелерінің қиылысында болған. Өрт салынып жатқан ғимараттың бірінші қабатынан басталып, кейін жоғарғы қабаттарға тараған.

Ресейдің жедел қызметтерінің мәліметінше, өрт салдарынан барлығы 11 адам зардап шеккен. Олардың арасында Қазақстан азаматы да болған.

2002 жылы туған жігіттің денесінің шамамен 70 пайызы күйіп, ауыр жарақат алған. Ол оқиғадан кейін ауруханаға жеткізілгенімен, алған жарақаттарының салдарынан кейін қайтыс болды.

Қаза тапқан азамат құрылыс нысанында мердігер ұйым ретінде жұмыс істеген «Глобал инжиниринг»компаниясында еңбек еткен.

Өрттен зардап шеккен үш адам медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілген. Тағы бір зардап шегуші 16 тамызда ауруханада көз жұмды. Ал ауыр күйік алған бірнеше адам әрі қарай ем алу үшін арнайы бортпен Нижний Новгородқа жеткізілген.

Қылмыстық іс қозғалды

Ресейде болған оқиғаға байланысты еңбекті қорғау талаптарын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу органдары өрттің нақты қалай шыққанын анықтап жатыр. Сонымен қатар жұмысшыларға нұсқама жүргізуге және дәнекерлеу жұмыстары кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуына кім жауапты болғаны тексерілуде.

Тергеу нәтижесінде өртке әкелген себептер мен қауіпсіздік талаптарының бұзылған-бұзылмағаны анықталмақ.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор