1135

«Күйеуі үш күн бұрын қолын сындырған»: Егіздердің анасы жұмбақ жағдайда қаза тапты

Марқұмның туыстары оның өлімінен үш күн бұрын күйеуі ұрып, қолын сындырғанын айтып, істі жан-жақты тексеруді талап етті.

«Күйеуі үш күн бұрын қолын сындырған»: Егіздердің анасы жұмбақ жағдайда қаза тапты
НеМолчиKZ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында жас әйелдің қазасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Марқұмның туыстары өлімінен бірнеше күн бұрын күйеуі оны ұрып, қолын сындырғанын айтып отыр. Бұл туралы «НеМолчиKZ» құқық қорғау ұйымы жазды.

Алматы облысында жас әйелдің қазасына қатысты тергеу басталды. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, марқұмның туыстары өздері «НеМолчиKZ» қорына хабарласып, істің тергелуіне қоғам назарын аударуды сұраған.

Туыстарының айтуынша, 23 шілдеде әйелді күйеуі ұрып, қолын сындырған. Үш күннен кейін, 26 шілдеде, ол қайтыс болған.

Қазір өлімнің ресми нұсқасы ретінде суицид қарастырылып отыр. Алайда құқық қорғаушылар бұл нұсқаны жан-жақты тексеру қажет деп санайды.

Марқұмнан небәрі екі жастағы егіз балалары қалды.

Қор өкілдерінің мәліметінше, әйел ұзақ уақыт бойы отбасында психологиялық, экономикалық және физикалық зорлық-зомбылыққа ұшыраған болуы мүмкін. Бұл ақпарат марқұмның туыстары мен құрбыларының сөздеріне негізделген.

Құқық қорғаушылар істі қайта бағалауды сұрады

«НеМолчиKZ» өкілдері тергеуді ашық әрі бейтарап жүргізуді талап етті. Олар әйелдің өліміне қатысты суицид нұсқасын тексеріп, куәгерлерден жауап алуды және отбасындағы ықтимал зорлық-зомбылық туралы барлық деректі жинауды ұсынды.

Сонымен қатар құқық қорғаушылар істің ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабының 2-бөлігі — «Қинау» бойынша қосымша саралану мүмкіндігін қарастыру қажет деп есептейді.

«Зорлық-зомбылық көзге көрінбейтін және жазасыз қалмауы керек», — деп мәлімдеді қор өкілдері.

Полиция не дейді?

Алматы облысының полиция департаменті әйелді суицидке дейін жеткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.

Ведомствоның хабарлауынша, қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалған.

Полиция барлық тараптың уәждері тексерілетінін және оның нәтижесіне қарай процессуалдық шешім қабылданатынын мәлімдеді.

Тергеу мүддесіне байланысты істің өзге деректері әзірге жарияланбайды.

Материал авторы