«Оның мені енді естімейтінін түсіндім»: Ұлдана Мырзуанның анасы сотта көз жасын тыя алмады
Марқұм фельдшердің анасы қызының қайғылы жағдайға ұшырағанын қалай білгенін сотта айтып берді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада қаза тапқан жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның анасы Салима Омарова сотта қызының қайғылы жағдайға ұшыраған күні не болғанын айтып, сол сәтті еске алды.
Салима Омарованың айтуынша, 8 қарашада ол қызымен бейнебайланыс арқылы сөйлескен. Ұлдана сол кезде кезекті шақыртуға шығып бара жатқанын айтқан.
«Сол күні Шымкентке баруым керек еді. Қызым қазір шақыртуға шығып бара жатқанын айтты. Әдетте әр шақыртуы туралы айтып отыратын. Бірақ сол жолы нақты қайда бара жатқанын айтпады. Жолда сөйлесіп баратынын жеткізді. Мен дүкенге азық-түлік алуға асықтым. Ол шақырту орнына жеткенде және жұмыстан шыққанда хабарласатынын айтты», – деді марқұмның анасы сотта.
Алайда көп ұзамай жағдай күрт өзгерген. Алдымен оған құдағиы қоңырау шалып, Ұлдананың үстіне ғимарат қабырғасы құлағанын айтқан.
«Даусынан қатты уайымдап тұрғаны білінді. Ол Ұлдананың үстіне дүкеннің қабырғасы құлағанын айтты. Мен аң-таң болдым. Өйткені қызыммен жаңа ғана сөйлескен едім. Артынша үлкен қызым хабарласып, ауруханаға шұғыл баруым керегін айтты. Мен дүкенде не істерімді білмей, отырып қалдым. Айналамдағы адамдар су беріп, есімді жинауыма көмектесті», – деді Салима Омарова.
Ол дереу үйіне барып, такси шақырған. Қызы ұшаққа билет алып бергеннен кейін, анасы кешкі сағат 20:00 шамасында ауруханаға жеткен.
Ауруханада оны Ұлдананың балалары, марқұмның жолдасы Әділет Зейнел және оның анасы қарсы алған. Алайда ешкім нақты ақпарат бере алмаған.
«Сұрақтарыма ешкім жауап бере алмады. Операциядан кейін қызыма кіргізбеді. Біз жансақтау бөлімінің алдында кезекшілік еттік. Оның жағдайы туралы маған ешкім дұрыстап ештеңе айтпады», – деді анасы.
Салима Омарова жансақтау бөлімінде қызының жанында тағы бірнеше адамның жатқанын да айтты. Ол Ұлдананың басынан мұндай жағдай өтеді деп ешқашан ойламағанын жеткізді.
«Мен оған: “Қызым, қайта қоңырау шаламын деген едің ғой” дегім келді. Бірақ оның мені енді естімейтінін түсіндім. Сыртқа шыққанда жүрегім езіліп кетті», – деді ол сотта көз жасын тыя алмай.
Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік даңғылында болған. Тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасының бір бөлігі мен кондиционер құлап, бес адам зардап шеккен. Олардың арасында зардап шеккендерге көмек көрсету үшін шақырту орнына барған жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан да болды.
Оқиға кезінде оған ғимараттың екінші қабатынан кондиционер құлаған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, 18 қарашада фельдшердің қайтыс болғаны белгілі болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды экстремалды жағдайда қызметтік борышын үлгілі атқарып, ерлік пен жанқиярлық танытқаны үшін қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.
Қазір іс Астанада сотта қаралып жатыр. Бұған дейін марқұмның бұрынғы жолдасы Әділет Зейнел сотта астаналық әкімдіктен отбасыға берілген 20 млн теңге көлеміндегі материалдық көмек туралы айтып, оның қалай жұмсалғанын түсіндірген.
Материал авторы