Шымкенттің бұрынғы полиция подполковнигі пара алғаны үшін атағынан айырылды
Көші-қон қызметінің бұрынғы басшысы қытайлықтарға құжат рәсімдеуге көмектескен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жеңіс Әуелбеков бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 23,5 миллион теңгеден астам айыппұл арқалады. Бұдан бөлек, ол полиция подполковнигі арнайы атағынан айырылып, мемлекеттік қызметте бұдан былай жұмыс істей алмайды. Бұл туралы Kazinform басылымы хабарлады.
Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы бастығының бұрынғы уақытша міндетін атқарушы Жеңіс Әуелбековке қатысты қылмыстық істі қарады.
Сот оны бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп таныды.
Сот үкімімен Әуелбековке 23 млн 531 мың 200 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар оның полиция подполковнигі арнайы атағы алынды.
Бұған қоса, сот шешіміне сәйкес, Әуелбековке өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.
Іс қалай басталды?
Бұған дейін, биыл маусым айында, Шымкентте көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарған Жеңіс Әуелбековтің ұсталғаны туралы ақпарат тараған.
Ол Қытай азаматтарына құжат рәсімдеуге көмектескені үшін 100 мың теңге алған деген күдікке ілінген.
Сол кезде Ұлттық қауіпсіздік комитеті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған.
Енді іс сот үкімімен аяқталып, бұрынғы полиция қызметкері қомақты айыппұл төлеп қана қоймай, арнайы атағынан және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Материал авторы