136

Танымал жұлдызды жұптың қызы ажырасып кеткенін мәлімдеді

Кейбір нәрсе екі адамның арасында қалуы керек дейді блогер Айым Сейтметова.

Танымал жұлдызды жұптың қызы ажырасып кеткенін мәлімдеді
instagram.com/danagultemirsultanova

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, актриса, танымал өнер иелері Азат Сейтметов пен Данагүл Темірсұлтанованың қызы Айым Сейтметова күйеуі Талғатпен ажырасып кеткенін жариялады. Актриса бұл шешімнің өзіне оңай тимегенін айтып, жеке өмірінің егжей-тегжейін ашып айтпайтынын жеткізді.

Айым Сейтметова бұл жаңалықты әлеуметтік желідегі парақшасында бөліскен. Актрисаның сөзінше, отбасының өмірі бірнеше жыл бойы көпшілік назарында болғандықтан, ажырасу туралы ақпаратты өзі хабарлауды жөн көрген.

Ол Талғатпен бірге өткізген жылдарында жақсы сәттердің көп болғанын атап өтті. Екеуін енді ортақ қызы байланыстырып тұрғанын айтты.

«Біз Талғатпен ажырастық. Бұл сөздің артында өміріміздің үлкен бір кезеңі тұр. Оның ішінде жақсы дүниелер көп болды, отбасы болды және бізді мәңгі байланыстыратын ең маңызды нәрсе – қызымыз бар», – деп жазды актриса.

Айым Сейтметованың айтуынша, белгілі бір уақытта қарым-қатынасында жағдай өзгеріп, некені жалғастыру оған мүмкін болмай қалған.

«Мен кейбір жайттарды ашып айтқым келмейді. Кейбір нәрсе екі ересек адамның арасында қалуы керек», – деді ол.

Актриса ажырасқаннан кейін де бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы өзара сыйластық сақталуы маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, олар енді ерлі-зайыпты болмаса да, қыздары үшін өмір бойы ата-ана болып қала береді.

«Мен оның ата-анасының екеуінің де махаббатын сезініп өскенін қалаймын. Біздің ересек адамдар ретінде қабылдаған шешімдеріміздің салдарын сезінбесе екен деймін», – деді Айым.

Ол сондай-ақ жұртшылықтан түрлі болжам жасап, сенсация іздемеуді және тараптардың ешқайсысына шабуыл жасамауды сұрады.

«Бұл шешім маған оңайға түскен жоқ. Бірақ ол қабылданды. Енді әрқайсымыз үшін жаңа тарау басталады», – деп жазды актриса.

Айым Сейтметованың мәлімдемесіне желі қолданушылары қолдау білдіріп, оған бақыт пен отбасына амандық тіледі.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор