SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауылында 32 жастағы ер адам 6 жасар қызды ұрлап, зорлады деген күдікпен қамауға алынды.
22 тамыз кешкісін қыздың анасы таныс жігітті жолықтырады. Ол әйелдің қызына балмұздақ әперемін деп алдап, өзімен бірге алып кеткен. Алайда бүлдіршін үйіне оралмаған. Бірнеше сағаттан соң ата-анасы полицияға хабар берген. Бұл ақпаратты БҚО полиция департаменті растады.
Іздеу жұмыстары нәтижесінде 23 тамыз күні бала мен күдікті ауыл маңындағы орманнан табылды. Ер адам қатты мас күйінде ұйықтап жатқан, жанында бос шөлмектер шашылып жатқан. Ал қыз ес-түссіз болған. Дәрігерлер оны шұғыл түрде ауруханаға жеткізіп, зорлық белгілерін растады. Бала ауыр күйзелісте екені анықталды.
Полиция мәліметінше, ер адам екі жыл бұрын ұрлық жасағаны үшін түрмеден босап шыққан. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында отыр. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
RUS