702

Хасанның ісі: Сот журналистерге жәбірленушінің жауабын жариялауға шектеу қойды

Құжатта Хасан Қасымбаевты 5 адвокат қорғап жатқаны көрсетілген.

Хасанның ісі: Сот журналистерге жәбірленушінің жауабын жариялауға шектеу қойды
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Талғар аудандық сотында ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі деп айыпталып отырған Хасан Қасымбаевқа қатысты іс қаралуда. Бұл туралы Stan.kz жазды.

Сот отырысының басында судья Айнагүл Түкібаева журналистерге жәбірленушінің және басқа да қатысушылардың жауаптарын жариялауға тыйым салды.

«Алдыңғы отырыстан кейін әлеуметтік желілерде жәбірленушінің айғақтары мен сот залынан түсірілген бейнематериалдар жарияланды. Осыған байланысты процесс аяқталғанға дейін олардың мәліметін таратпау жөнінде шектеу қойылады. Бұл шешім сотта жауап бермеген куәлардың шынайы әрі бейтарап жауап беруіне кедергі болмауы үшін қабылданды», – деді судья.

Осыдан соң журналистерді залдан шығарып, оларды баспасөз орталығына жіберді.

Бұл шешім БАҚ өкілдерінің наразылығын тудырды. Олар процестегі қатысушылардың тізімі берілмегенін айтып, кімнің сөйлеп жатқанын анықтау қиын екенін жеткізді. Кейін соттың баспасөз қызметі қатысушылардың толық тізімін жариялады. Құжатта Хасан Қасымбаевты бес адвокаттың қорғап жатқаны көрсетілген.

Айта кетейік, сот процесі 20 тамызда басталған. Қасымбаев төрт жыл бұрын спортшыны ұрлап, соққыға жықты деп айыпталуда. Оның есімі 2024 жылдың қазан айында Талғардағы Шерзат Болаттың қанды өлімінен соң жиі атала бастады.

Материал авторы