SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда алдағы АЭС құрылысына қатысты референдум қарсаңында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындалды деген іс бойынша бес адамға үкім шығарылды. Бұл туралы Orda.kz жазды.
Нұрлан Жаулибаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев және Айдар Мұбараков ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы, 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Әрқайсысына төрт жылға бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Осылайша, сот прокурор талап еткеннен жеңіл жаза кесті. Айыптаушы тарап оларды бес жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.
Сот шешіміне сәйкес, олар үйде тұрып, пробациялық бақылауда болады. Белсенділерге түнгі 22:00-ден кейін көшеге шығуға, қоғамдық орындарға баруға, елден кетуге және саяси партия құруға тыйым салынды. Бұл талаптарды бұзған жағдайда, олар қайта қамауға алынуы мүмкін.
Үкім жарияланған соң сот залында толқу болды. Туыстары мен достары қуаныштарын жасыра алмады, көз жасына ерік беріп, «Ура!» деп айқайлады. Сот ғимаратының сыртында да қуанышты сәт байқалды – көпшілік қатал шешім күткен еді.
Адвокат Жанара Балғабаева өз пікірін білдіріп, сот шешімімен толық келіспейтінін айтты:
«Қорғауымдағы адамдардың әрекетінде қылмыс жоқ деп санаймын. Олар АЭС бойынша референдумнан кейін митинг болуы мүмкін деген ойларын ғана білдірген. Бұл қылмыс емес. Дегенмен, бастапқыда бес жылға сотталуы мүмкін еді, сондықтан барлығы жазаның жеңіл болғанына риза», – деді ол.
Белсенді жазушы әрі қоғам қайраткері Гүлнар Ізтаева да үкімге пікір білдірді:
«Азаматтық белсенділік – қылмыс емес, керісінше елдің дамуына үлес қосатын қасиет. Бұл үкім Қазақстан дұрыс бағытта келе жатқанын көрсетеді», – деді ол.
Айта кетейік, белсенділер өткен жылдың қыркүйегінде, референдум алдында ұсталған болатын. Тергеу олардың АЭС құрылысына қарсы шыққанын мойындағанын, бірақ бүлік ұйымдастыруды жоққа шығарғанын хабарлады. Кейбірі өздерінің қудалануын азаматтық ұстанымымен байланыстырды.
RUS