Теміртауда баласымен төбелескен жеткіншекті ұрып тастаған әйел жазаланды
Әйел бейтаныс баланы мойнынан жұлқылап, сүйреп, бетінен ұрған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Теміртауда екі баласымен серуендеп жүрген әйел баласын басқа жеткіншекпен төбелесіп жатқан жерінен көріп, шыдай алмай әрекетке көшкен. Ол ойын алаңында өзге баланы мойнынан жұлқылап, сүйреп, бетінен ұрған. Бұл сәт бейнекамераға түсіп қалған.
Оқиға маусым айында болғанымен, сот шешімі енді жарияланды. Тергеу материалдарына қарағанда, әйел жеткіншекті шапалақтағаннан кейін оның миы шайқалып, беті көгерген.
Айыпталушы кінәсін мойындап, өкініш білдірген. Ал жәбірленушінің анасы соттан әділдік талап еткен.
«Сот әйелдің өкінгенін және жас балалары бар екенін ескеріп, жазаны жеңілдетті. Ол Қылмыстық кодекстің 108-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 6 айға пробациялық бақылау қойылды. Сонымен қатар жәбірленушіге 100 мың теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді», – делінген сот хабарламасында.
Материал авторы