975

«Хиджабты шешкенде жалғыз қалдым»: 15 жыл бойы салафизмде болған әйел өмір жолын әңгімелеп берді

Алмара Қайратқызы салафи ағымына қалай түскені туралы айтып берді.

«Хиджабты шешкенде жалғыз қалдым»: 15 жыл бойы салафизмде болған әйел өмір жолын әңгімелеп берді
Stan.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық Алмара Қайратқызы 15 жыл бойы жат діни ағымның ықпалында болып, өмірінің ең маңызды кезеңін сол ағымда өткізгенін айтып берді. Бұл туралы ол құқық қорғаушы Айгүл Орынбек жүргізетін «Жүйе» подкастында әңгімеледі.

Алмара өз сөзінде бұл тақырыпты қозғау әлі күнге дейін ауыр екенін жасырмады.

«Көп адам сұхбатқа шақырады, бірақ менің әңгімемді қабылдауға дайын емес. Бірде сұхбат берген соң қатты ауырып қалдым. «Сен тозақта өмір сүресің, тірідей жанып кетесің» деген сөздер жаныма батты. 15 жыл бойы жамағатым болғанда өзімді жалғыз сезінбедім. Ал хиджабты шешіп, діннен бас тартқан соң жалғыз қалдым. Қоғам қабылдамады. Қазір де жақын құрбыларым жоқ. Менің ең үлкен тілегім – қыздардың бұл жолға түспеуі. 15 жылымды оранып өткіздім. Білім алмадым, шетел көрмедім. Қазір ойласам, өзімді қоярға жер таппаймын», – дейді ол.

Алмараның айтуынша, діни жолға түсуі оңай болмаған. Ол орталық мешітке барып, намаз бастамай жатып бірден толық жабық киім киген.

Салафи ағымы әйелдерге күйеуіне толық бағыну керегін түсіндіретінін айтады.

«Олар психологияны жақсы меңгерген. Алдымен ата-анаңмен қарым-қатынасқа байланысты уағыз айтады. Егер ата-анаңмен араң жақсы болса, «Ата-ананы құрметте» деген уағыз тыңдайсың. Ал қарым-қатынас нашар болса, бірден радикалды уағызға жетелейді. Мен де өмірімде қиын сәттерде кіріп кеттім. Журналист болғым келді, бірақ анам басқа мамандыққа түсірді. Соған ренжідім. Кейін сырттайға ауысып кеттім. Сол кезде «өмірім бітті» деп ойладым. Олар соны пайдаланды», – дейді Алмара.

Ағымда жүргенде оның санасы күйеуіне толық бағынышты болуға үйренген.

«Бар ойым – күйеуге шығу, бала туу, күйеуімнің разылығын алу. Басқа ештеңе ойламадым. Егер күйеуің төртінші әйел аламын десе де, қарсы шықпауың керек», – дейді ол.

Алмара уағыздардың ықпалымен тұрмысқа шыққанын да жасырмады.

«21 жасымда «Салафизмді жақсы білетін жігітке тұрмысқа шығамын» деп ойладым. Египетке кетуді армандадым. Бірақ тағдырым басқаша болды. Жиырма төрт жасымда күйеуге шықтым. Үш рет кездесіп, келісіп, некелестік. Бірақ әкем қарсы болды. 13 жыл некеде тұрдым, екі баламыз бар. Мысырға бара алмадық. Қолдан келгенде де қорықтым. Өйткені санамды «тозақ» деген қорқынышпен улап тастаған», – дейді ол.

Қазір Алмара бұл ағымнан шыққанымен, өз өмірінің көп бөлігін жоғалтқанын өкінішпен айтады.

«Ағымда жүру – тозақта болу сияқты. Бірақ сен оны сезбейсің, өйткені түп санаң уланған», – деп түйіндеді ол.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор