484

Путин мен Ким Чен Ын келесі аптада Бейжіңдегі әскери парадқа қатыспақ

Парад 70 минутқа созылмақ.

Путин мен Ким Чен Ын келесі аптада Бейжіңдегі әскери парадқа қатыспақ
Владимир Смирнов / ТАСС

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша,келесі аптада Қытай билігі Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толуына орай әскери парад өткізеді. Бұл шараға Ресей президенті Владимир Путин, Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын және Беларусь президенті Александр Лукашенко қатысады. Батыс елдерінің көшбасшылары шақырылмаған.

Солтүстік Корея жетекшісі Ким Чен Ынның сапары ерекше назар аудартты – ол ұзақ уақыттан бері алғаш рет шетелге шығып отыр. Бұл ақпаратты Солтүстік Корея мен Қытайдың мемлекеттік БАҚ-ы Қытай СІМ өкілі Хун Лэйдің мәліметіне сүйеніп растады.

Парад сәрсенбі күні Бейжіңде өтеді. Қытайдың «Синьхуа» агенттігі таратқан мәлімет бойынша, іс-шараға 26 шетелдік көшбасшы қатыспақ, олардың қатарында Владимир Путин де бар.

Хун Лэйдің айтуынша:

«Ресей президентінің Қытайға келуі – екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін көрсетеді. Сондай-ақ бұл қадам Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің нәтижелерін қорғаудағы екі елдің бірлігін білдіреді».

Путин парад алдында Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне де қатысады. Ол жиын 31 тамыз бен 1 қыркүйекте Тяньцзинде өтеді.

АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінің көшбасшыларының қатысуы күтілмейді. Бұған негізгі себеп – Украинадағы соғысқа байланысты Мәскеумен арадағы қайшылықтар.

Парад 70 минутқа созылады. Оған Қытай халық-азаттық армиясының дәстүрлі және жаңа әскери күштері, заманауи зымыран жүйелері, танктер, авиация және отандық өндірістегі дрондар қатысады. Мұндай салтанатты шерулер Қытайда 1949 жылдан бері Тяньаньмэнь алаңында өткізіліп келеді. Соңғы үлкен парад 2019 жылы ҚХР құрылғанына 70 жыл толуына орай өткен еді.

Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпарат агенттігі Ким Чен Ынның сапарын Си Цзиньпиннің шақыруыменжүзеге асатынын хабарлады. Алайда оның нақты қашан жолға шығатыны мен Қытайда қанша уақыт болатыны белгісіз. Егер сапар жүзеге асса, бұл Ким Чен Ынның 2019 жылдан бергі алғашқы Қытайға баруы болмақ.

Солтүстік Кореяның қадамы нені білдіреді?

Ким Чен Ын соңғы уақытта Вашингтонға қарсы елдермен байланысын күшейтуге тырысып келеді. 2019 жылы Трамппен өткен саммит сәтсіз аяқталғаннан кейін АҚШ пен Оңтүстік Корея бастамалары тоқтап қалған.

Қытай КХДР-дың ең ірі сауда серіктесі болып қала берсе де, соңғы жылдары тараптар арасында кей сұрақтар туындаған. 2023 жылы Солтүстік Кореяның сыртқы саудасының 97%-ы Қытайға, ал 1,2%-ы Ресейге тиесілі болған.

Сондай-ақ соңғы уақытта Пхеньян халықаралық саясатқа белсенді араласып, Таяу Шығыс қақтығыстары мен Тайвань мәселелері жөнінде мәлімдемелер жасауда. 

Материал авторы