Қызылордада ресейлік азамат төрт күннен бері құжатсыз, айдаладағы фурада тұрып жатыр
Ер адам жол апатынан соң құжаттарын полицейлер алып кеткенін айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресей азаматы Константин төрт тәуліктен бері Қызылорда облысының даласында құжатсыз отыр. Айтуынша, жол апатынан кейін полиция оның паспортын, жүргізуші куәлігін және көлік құжаттарын алып кеткен. Бұл туралы адвокат Рена Керимова Facebook-та хабарлады.
Оқиға 26 тамыз кешке Арал маңында болған. Константиннің айтуынша, ол екі жүк көлігінің ортасында келе жатып, алдындағы көлікпен соқтығысуды болдырмау үшін жол жиегіне шығып, тежегішті басқан.
«Сол кезде арттан келген фура маған соғылды. Соққыдан кейін ол қарсы жолаққа шығып, жеңіл көлікпен соқтығысты», – дейді жүргізуші.
Полицейлер оқиға орнына шамамен үш сағаттан кейін жетіп, құжаттарды рәсімдеп, жүргізушілерді медициналық тексеруге апарған. Алкотест нөлдік нәтиже көрсеткен. Бірақ содан кейін Константиннің құжаттарын алып, өзімен бірге бөлімшеге жеткізген.
«Тәулік бойы тамбурда отырдық, ішке кіргізбеді, ешкім түсіндірмеді. Келесі күні келіңдер деді, тағы ертең деді. Бүгін төртінші күн болды», – дейді ол.
Тіпті көліктің бейнетіркеуішіндегі жазба да көмектеспеген. Керісінше, полиция оның көлігін айыппұл тұрағына қоюды ұсынған.
«Мен жәбірленушімін ғой, қандай негізде?» – деп ашуланды жүргізуші.
Қазір ол аптап ыстықта (температура +43°) трассада тұрған фураның кабинасында түнеп жүр. Тілдік кедергі де мәселені қиындатып отыр.
«Видеоны көрдім. Оның тарапынан заңбұзушылық жоқ. Неліктен төрт күннен бері құжатсыз ұстап отыр – түсініксіз», – деді адвокат Рена Керимова. Ол құқық қорғау органдарын бұл іске араласуға шақырды.
Материал авторы