SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістанда жүкті әйелдің шақыртуымен барған фельдшерге шабуыл жасалды. Жәбірленуші Orda.kz тілшісіне болған оқиғаны айтып берді.
Алдын ала мәлімет бойынша, жүкті әйел ішінің ауырғанына шағымданып, жедел жәрдем шақырған. Оқиға орнына фельдшер-практикант Жанель Қуанышбек келген. Дәрігер науқасты тексере бастағанда, оның күйеуі сұрақ қойып, қалаған жауабын ала алмаған соң, бірден күш қолданған.
«Алдымен ол мені оң жақ бетімнен жұдырықпен ұрды. Содан басым қабырғаға соғылып кетті. Кейін отырып қалдым. Сол сәтте ол менің бетімнен тепті. Не болып жатқанын түсінбей тұрғанымда, тағы да иығымнан ұрды. Осыдан кейін оның анасы араласты», – деді Жанель.
26 жастағы фельдшер орташа деңгейдегі жарақат алып, ауруханаға жатқызылды.
Полиция күдіктіні ұстады. Ол уақытша қамау изоляторына жеткізілді. Құқық қорғаушылар қылмыстық іс қозғалғанын хабарлап, медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдарға қатаң шара қолданылатынын мәлімдеді.
RUS