Жамбылда өгей балаларын құлдықта ұстау ісі бойынша тергеу аяқталды
Балалардың туған анасы күйеуін жақтайтынын айтқан еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында екі балаға қатысты зорлық-зомбылық дерегі бойынша қозғалған қылмыстық істің тергеуі аяқталды. Бұл туралы ІІМ 28 тамызда хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, іс Талас ауданында тұратын ер адамға қатысты қозғалған. Ол екі кәмелетке толмаған баланы жүйелі түрде ұрып-соқты деген күдікке ілінген. Қазір іс айыптау актісімен прокуратураға жолданып, сот қарауына жіберілмек.
Оқиға 8 тамызда белгілі болды. Балалар омбудсмені Динара Закиева хабарлағандай, жеткіншектер бірнеше жыл бойы зорлық-зомбылық көрген. Алғашқы хабарламаларда «балалар құлдықта болған» деген ақпарат тарағанымен, кейін бұл дерек расталмаған. Дегенмен олардың жүйелі түрде ұрып-соғылғаны және психологиялық қысымға ұшырағаны анықталған.
Құқық қорғау органдары сол күні күдіктіні ұстады. Балалар Тараздағы қолдау орталығына жеткізілді. Іс қоғамда кең резонанс тудырып, ішкі істер министрінің бақылауына алынған.
Сонымен қатар әлеуметтік желіде балалардың анасы берген сұхбат жарияланды. Онда әйел күйеуін қорғап, айыптауларды жоққа шығарған. Алайда тергеу органдары зорлық-зомбылықтың болғанын дәлелдейтін деректер бар екенін мәлімдеді.
Материал авторы