745

«Анестезиясыз ота жасады»: Жаңаөзенде науқастың туыстары дәрігерді жазалауды талап етуде (ВИДЕО)

Дәрігер наркозсыз ота жасаған көрінеді.

«Анестезиясыз ота жасады»: Жаңаөзенде науқастың туыстары дәрігерді жазалауды талап етуде (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жаңаөзен тұрғыны ауыр халде реанимацияға түсті. Оның туыстары отаны анестезиясыз жасаған дәрігерді айыптап, қатаң жазалауды сұрап отыр.

Туыстарының айтуынша, тамыздың басында Қаныбек Құлжанов Бейнеуден санитарлық авиациямен облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оған аортокоронарлық шунттау операциясын тағайындаған.

7 тамызда ота жасалғанымен, кейін науқас ауыр халде жансақтау бөліміне түсті. Бірнеше күннен соң туыстары отаның мән-жайын білген. Пациенттің жұбайы Роза Дыбыстың айтуынша, олар тіпті операция бөлмесінен алынған аудиожазбаны естіген. Бұл жазба туыстарын есеңгіреткен.

«Ота кезінде дәрігер: “Ең болмаса, бір Маңғыстау тұрғыны өледі ғой. Неге уайымдайсыңдар?” – деп айтқан. Ол анестезиологтың нұсқауларын елемей, наркозсыз ота жасаған. Сөйтіп, өз бетінше кесулер жасаған», – дейді Роза Дыбысова.

Оның сөзінше, осы әрекет салдарынан күйеуі 2,5 литр қан жоғалтқан.

Оқиғадан кейін кардиохирург кінәсін мойындап, кешірім сұрап, қызметінен кету туралы өтініш жазған. Алайда науқастың туыстары мұны жеткіліксіз деп санайды. Олар істі «адам өлтіруге оқталу» бабына ауыстыруды талап етуде.

«Біріншіден, күйеуімді оңалту үшін көмек қажет. Екіншіден, тәуелсіз сарапшылар түсіндірсін: неге жоспарлы операция кезінде сонша қан жоғалтты? Ең бастысы – істі қайта саралап, ауыр бап бойынша жауапкершілікке тартсын», – дейді Дыбыcова.

Оның айтуынша, аурухана әкімшілігі жағдайды жасыруға тырысқан.

Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының баспасөз хатшысы Жұлдызай Қалиеваның мәліметінше, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.

«Толық ақпарат тергеу аяқталған соң беріледі. Қазір пациенттің жағдайы тұрақты ауыр: ол есін біледі, жансақтау бөлімінде дәрігерлер бақылауында», – деді ол.

Материал авторы