SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша,әлеуметтік желіде белгілі адвокат Ләззат Ахатоваға қатысты жанжал қызу талқылануда. Жәбірленуші Әнару Құрманәлі бұрынғы адвокатын ашық сынға алып, оны кәсіби этиканы бұзды деп айыптады.
«Алғашында анамдай қамқор болып көрінді, бірақ кейіннен мені көпшіліктің алдында масқаралады», – дейді ол.
Құрманәлінің айтуынша, әкесі Ахатоваға іс бойынша 1 миллион теңге төлеген. Алғашында адвокат қызды барынша қолдап, Facebook-та посттар жазып, оның мүддесін қорғаған. Алайда төрт ай бұрын Ахатова әлеуметтік желіде жәбірленушіні «жарымес», «мінезі нашар» деген ауыр сөздермен қорлап, көпшіліктің алдында беделіне нұқсан келтірген.
«Сол жазбаларды оқыған соң өз-өзіме қол салмақ болдым. Бұл – кибербуллинг қой. Әкем екеумізді де бір-бірімізге қарсы қойып, адвокатым мүлде басқа жаққа кетіп қалды», – деп жазды ол.
Жәбірленуші Ахатова істі аяқтамай, керісінше қарсы тараппен байланыс орнатқанын алға тартады. Ол әлеуметтік желіде Ахатова мен Жанқош есімді азаматтың жақындығын көрсететін суретті жариялады.
«Суретті көргенде төбемнен жай түскендей болды. Бұл адвокаттың бейтараптығына күмән тудырады», – дейді Құрманәлі.
Қазір желіде пікір екіге бөлінді: біреулер адвокатты кәсіби сатқындық жасады деп сынаса, екінші тарап нақты дәлелсіз ешкімді айыптауға болмайтынын айтады. Ал оқиғаның ақ-қарасын тиісті органдар анықтамақ.
RUS