SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысы полиция департаментінің бұрынғы басшы орынбасары Жайдарбек Құттыбаев екі ай мерзімге қамауға алынды. Ол алаяқтық жасады деген күдікке ілінген.
29 тамызда Құттыбаев қызметінен «теріс себептермен» босатылған еді. Сот санкциясын естіген сәтте оның денсаулығы нашарлап, қан қысымы көтерілген. Полковникті жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізді, ол қазір де конвойдың бақылауында.
Сонымен қатар, сот полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары Оразалы Құдабаевты да екі айға қамау туралы шешім шығарды. Ол пара алды деген күдікке ілінген.
Orda.kz дереккөздерінше, тергеу барысында тағы бір департамент басшысының орынбасарының да аты аталып отыр. Қазір тергеу жалғасып жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев резонансты ұсталымдардан кейін отставкаға рапорт берген болатын.
RUS