SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет әлеуметтік желілерде қызу талқыланған «Ақорданы белгілеу» деген сөзіне қатысты пікір білдірді. Ол қателік кеткенін мойындап, әңгіменің тұрмыстық сипатта болғанын айтты.
Әлеуметтік желіде тараған видеода әкімнің қоғам белсендісі Ерәділ Үббіниязовпен әңгімесі жазылған. Азамат Бекет бұл әңгіменің болғанын растады:
«Мемлекеттік қызметші болған соң, этика жағынан қателестім. Біз Ерәділ екеуміз баяғыдан таныспыз. Жас кезімізде бокспен шұғылданып, сол кезден араласамыз. Сондықтан әңгіме достық сипатта өрбіді», — деді ол.
Әкім ешкімді қорқытпағанын айтып, желіде тараған бейне толық емес екенін, контексттен қиылғанын атап өтті:
«Әрине, түсініктеме бердім. Әкім болғаннан кейін түрлі сын айтылады. Егер әр сөз үшін сотқа жүгіне берсем, жұмысқа уақыт қалмайды», — деді ол.
Осыған дейін «Байтақ» партиясының Ақтөбедегі филиал төрағасы Ерәділ Үббіниязов президенттен өңірге тексеру жіберуді сұраған еді. Оның айтуынша, қаладағы сапасыз жол жұмыстарына наразылық білдіргеннен кейін әкім тарапынан қысым сезінген.
«Ақтөбеде жол мәселесі өзекті. Жаңбырлы күні судың үстіне асфальт төсеп жатты. Жұмысшыларға тоқтатуды сұрап, видеоға түсірдім. Көлігіме жетпей жатып, әкім хабарласты. «Тоқаевпен жұмыс істе» деді. Егер сенімді өкіл әкім осылай сөйлесе, басқадан не сұраймыз?» — деді ол.
Азамат Бекет расымен бұрын ұлттық құраманың боксшысы болған, Геннадий Головкинмен бірге жаттыққан. Кейін Атырау облыстық спорт басқармасын басқарды. 2023 жылдың 26 маусымынан бері Ақтөбе қаласының әкімі қызметін атқарып келеді.
RUS