3600

Алматыда самокатқа мінген екі жасөспірім сәбидің арбасын аударып жіберді (ВИДЕО)

Бір самокатқа екі бала мінгесіп алған көрінеді.

Алматыда самокатқа мінген екі жасөспірім сәбидің арбасын аударып жіберді (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы қоғамдық орында болған оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. 

Бір самокатқа мініп алған екі жасөспірім қатты жылдамдықпен келе жатып, серуендеп жүрген ата-ананың қолындағы сәбидің арбасын қағып кеткен. Соның салдарынан арба жерге құлап, ата-ананың зәресін ұшырған. Бұл сәттің видеосы Instagram желісінде жарияланды.

Кадрларда балалардың самокатпен жүргіншілер арасынан өтпек болғаны, алайда тоқтай алмай, арбаны соққаны анық көрінеді. Абырой болғанда, сәби жарақат алған жоқ. Дегенмен, ата-анасы қатты шошып, оқиға орнына полиция шақырған.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, бұл дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы жасөспірімдерді анықтаған.

«Оларға жеке мобильді құрылғыларды пайдалану ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелді. Ал олардың ата-аналарына балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін шара қолданылды», – делінген ресми хабарламада.

Құқық қорғау органдары екі балаға ескерту жасап, босатқан. Сонымен қатар полиция қала тұрғындарына самокатты тек арнайы жолақтарда және қауіпсіздік ережелерін сақтап пайдалануды ескертті.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор