SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Алматыда өтетін «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы көптен күткен матчқа қатысты пікір білдірді.
Министрдің айтуынша, ойынға дайындық қызу жүріп жатыр.
«Қазір бар назарды Чемпиондар лигасының өз алаңымызда өтетін матчқа дайындауға аударып отырмыз. Алматыдағы стадион УЕФА-ның төртінші санаттағы аренасы, барлық стандарттарға сәйкес келеді. Ойынды сол жерде өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді ол Парламенттің бірлескен отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап бере отырып.
Ербол Мырзабосыновтың сөзінше, аталған стадионда бұған дейін де жоғары деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылған.
«Дайындығымызды көрсеттік, инфрақұрылым ауқымды ойын өткізуге дайын. Матчқа УЕФА квотасына сәйкес шамамен 4-5 мың шетелдік турист келеді деп күтілуде», – деді министр.
Сондай-ақ ол билет бағасына қатысты сұраққа жауап берді.
«Қазір нақты баға белгіленген жоқ. Бұл бағытта клуб УЕФА-мен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Барлық ақпарат клубтың ресми сайтында жарияланады. Бұл – клуб пен УЕФА арасындағы келісім, мемлекет араласпайды», – деді ведомство басшысы.
Еске салайық, 30 қыркүйекте «Қайрат» 2025/26 жылғы Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде «Реал Мадридке» қарсы ойнайды. Бұған дейін әлеуметтік желіде матч билеттеріне қатысты жалған ақпарат тараған еді.
RUS