10468

Аягөзде жүргізуші куәлігі жоқ ер адам 6 жасар баланың өліміне себепкер болды

Бала оқиға орнында көз жұмған. Тұрғындар жан түршіктірерлік оқиғадан соң ашық тергеуді талап етіп жатыр.

Аягөзде жүргізуші куәлігі жоқ ер адам 6 жасар баланың өліміне себепкер болды
drive2.ru

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 28 тамызға қараған түні Аягөз қаласында (Абай облысы) жергілікті халықты дүр сілкіндірген жол апаты болды. Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші алты жастағы баланы қағып кеткен. Бала оқиға орнында көз жұмған.

Қайғылы хабар қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмның отбасы ауыр қайғыда, ал аягөздіктер шок жағдайында. Жергілікті тұрғындар кінәлі адам заң аясында жазасын алуы тиіс деп отыр.

Liter.kz редакциясына Абай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Жүргізуші Аягөз аудандық полиция бөлімшесіне жеткізілген, тиісті процессуалдық шаралар жүргізілгеннен кейін уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Алдын ала мәлімет бойынша, 21 жастағы жүргізуші көлік жүргізу құқығынсыз кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Бала алған жарақаттарынан медициналық мекемеде көз жұмды. Оқиға орнында полиция қызметкерлері тексеріс жүргізіп, заттай дәлелдер тәркіледі, куәгерлерден жауап алынды. Сот сараптамалары тағайындалды», – делінген хабарламада.

Абай облысының полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Қауіпсіздік талаптарын елемеу қайғылы жағдайларға әкеледі.

Материал авторы