Алматылық қызды Оманға еңбек құлдығына сатпақ болған
Қызды шетелде жұмыс күтіп тұр деп сендірген көрінеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы қаласының прокуратурасы ҰҚК және Интерполмен бірлесіп, қазақстандық әйелді шетелге заңсыз әкету әрекетінің жолын кесті.
Тергеу деректеріне сәйкес, алматылық әйел Ханифа есімді шетелдік азаматшамен ұзақ уақыт хат жазысып жүрген. Ол оны Таяу Шығысқа шақырып, тиімді жұмыс ұсынамын деп сендірген.
Әйел ұсынысқа сеніп, туған-туыстарына айтпастан Сұлтанат Оманға ұшып кеткен. Алайда елдің халықаралық әуежайына қонған сәтте қазақстандық құқық қорғау органдары мен елшіліктің, сондай-ақ Интерполдың бірлескен әрекетінің арқасында дереу ұсталып, сол күні Қазақстанға қайтарылды.
Алматы прокуратурасы қазақстандықтарға сақ болуды ескертті:
«Шетелден жұмысқа шақырған кез келген ұсынысты мұқият тексеру қажет. Әйтпесе алаяқтардың немесе адам саудасымен айналысатындардың құрбанына айналуыңыз мүмкін», – делінген хабарламада.
Құқық қорғау органдары күмәнді жұмыс ұсыныстарын тек ресми дереккөздер арқылы тексеріп, лицензиясы жоқ делдалдармен байланыс орнатпауға кеңес береді.
Материал авторы