SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының чемпионы, қазір Қазақстан U22 құрамасының бас бапкері Бақыт Сәрсекбаев қазақ боксының бүгінгі жағдайына қатысты пікір білдірді.
Sport talks podcast YouTube-арнасына сұхбат берген ол «қазақ боксшылары арасында өзбек синдромы бар ма?» деген сауалға жауап қатты.
«Өзіміз өзбек құрамасын асыра дәріптеп, өзіміз сол «синдромды» қалыптастырып отырмыз. Шын мәнінде, өзбек боксы айтарлықтай өзгерген жоқ — сол баяғы күшке сүйенетін стильде қалып қойды. Тек бір нәрсе бар: олар бізге өздерінің стилін таңып үлгерді.
Қазақ боксы әрдайым аяқпен жұмыс істеуімен, алдамшы қимылдарымен, түрлі тактикаларымен ерекшеленетін. Біз осыны жоғалтып алдық. Сондықтан бізге командалық орындар үшін таласуды доғару керек. Біздің басты жарыстарымыз — Азия ойындары мен Олимпиада. Ал кім көп, кім аз медаль алды деп санау — басты көрсеткіш емес», – деді бапкер.
Айта кетейік, Бақыт Сәрсекбаев Павлодар облысында туған. Балалық шағын Ташкент облысындағы Табақсай ауылында ата-әжесінің қолында өткізген. Боксқа 12 жасында келген. Оның алғашқы ірі халықаралық жеңісі — «Сидней Джексон мемориалы». Қазақстан құрамасына ауысқанға дейін ол жеті мәрте Өзбекстан чемпионы болған.
RUS