Қарым-қатынас өнері: позитивті коммуникация арқылы қиын жағдайларды қалай шешуге болады.
Қазіргі заманда өзгерістердің жылдамдығы таңқаларлық: жаңа технологиялар, жаңа сын-қатерлер және әлеуметтік саладағы өзгерістер. Дегенмен тәжірибе көрсеткендей, кез келген ұйымның табысындағы басты фактор – адамдар және олардың өзара әрекеттесуі. Қақтығыстар, түсінбеушіліктер, шиеленістер – бұлардың бәрі жұмыс үдерістерінің қалыпты бөлігі болып табылады. Алайда, мәселе басқада: мұндай жағдайда не істеу керек?
Әдеттегі жол – кінәлі адамды іздеу, бақылауды күшейту, қатаң ережелер енгізу. Бірақ HR-мамандар мен басшылардың көбі бүгінде тиімділіктің сыры қысымда емес, позитивті қарым-қатынас орната білуде екенін түсінуде. Дәл осы қабілет стрессті азайтып, сенімділікті сақтап, күрделі жағдайларды дамудың жаңа бастамасына айналдыруға көмектеседі.
Позитивті коммуникацияның күші
Позитивті тәсіл – бұл тек сөздерді емес, олардың артында тұрған эмоцияларды да ести білу. Мысалы, қызметкер мерзімді кешіктірсе, «Сіз тағы кешіктіңіз» деп кінә тағудың орнына, тәжірибелі басшы немесе HR-маман былай дейді: «Мен мерзімде қиындықтарды байқап отырмын. Қай жерде кедергі бар, қалай шешуге болады?»
Мұндай сөз жауапкершілікті шегеріп тастамайды, бірақ әңгімені конструктивті арнаға бұрады. Осындай тәсілдер ұйымдардың тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі құралға айналуда. Гарвард бизнес мектебінің зерттеуіне сәйкес, позитивті коммуникация мәдениеті қалыптасқан компаниялар қиындықтарды 31%-ға тиімді шешеді және қызметкерлерді орта есеппен 25%-ға ұзақ мерзімге ұстап қала алады.
Практикалық құралдар
Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасының Медициналық Орталығының Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығында (МТАЖО) коммуникативтік құзыреттерді дамытуға бағытталған тренингтер мен семинарларға сұраныс артып келеді. Біздің тренингтерде біз басшылар мен HR-мамандармен тек басқару саласында ғана емес, күнделікті қолдануға болатын практикалық құралдармен бөлісеміз.
Солардың ішіне келесі құралдар кіреді:
• Белсенді тыңдау – әңгімелесушіні бөлмей, нақтылап, қайта тұжырымдау. Бұл қызметкердің сөзінің «салмағы» бар екенін сезінуіне мүмкіндік береді және қақтығысты азайтады.
• «Мен-хабарламалары» – «Сіз қателестіңіз» орнына «Маған бұл жағдайға қиынға түседі, егер…» деу. Бұл қорғаныс реакциясын төмендетіп, шешім іздеуге жол ашады.
• Болашаққа назар аудару – «Кім кінәлі?» талқылауының орнына «Не істеу керек?» деген сұрақ.
• Еңбекті мойындау – нәтиже мінсіз болмаса да, тырысқаны үшін алғыс айту мотивацияны арттырады.
Бұл әдістердің әсері зор: стресс азаяды, команданы жаңа жетістіктерге ынталандырады, қызметкерлер ашық диалогқа бейімделеді.
МТАЖО HR-орталығының жетекшісі Қамарова Айнұр Ерғалиқызы атап өткендей:
«Позитивті қарым-қатынас – қосымша опция емес, стратегиялық құзырет болып табылады. Басшы тыңдай білген жерде сенім артады, кадр тұрақтылығы өседі және жаңа идеяларға күш пайда болады. Біз МТАЖО-да қарапайым коммуникация әдістерін үйрену арқылы ұйым ішіндегі атмосфераны қалай өзгертуге болатынын көріп отырмыз. Сондықтан, қақтығысты қауіп деп емес, дамудың бастау нүктесі деп қабылдағанымыз жөн».
Неге дәл қазіргі уақытта позитивті қарым-қатынастың маңызы зор?
Қазіргі уақытта еліміздегі еңбек нарығы трансформация кезеңін бастан кешіруде. Жас мамандар жалақыдан бөлек, жайлы жұмыс атмосферасын іздейді. Мемлекеттік секторда да, бизнесте де ашықтық пен сенімге сұраныс артып келеді. Дәрігерлер, педагогтар, басшылар – барлығы кәсіби біліммен қатар тиімді өзара әрекеттесу дағдыларына мұқтаж.
Осыған байланысты МТАЖО-ның коммуникативтік және басқарушылық дағдыларды дамытуға бағытталған бағдарламаларына қызығушылық жоғарылап отыр. Қатысушылар алған құралдарын тек жұмыста емес, күнделікті өмірде де қолдана алады.
Позитивті қарым-қатынас – мамандар арасындағы қатынастарды бұзбай, күрделі шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін құрал. Бұл – команданы сын-қатерлерге төзімді, дамуға ашық ететін мәдениет.
Қарым-қатынас өнерін HR-мамандар ғана емес, барлық деңгейдегі басшылар меңгеруі тиіс. Себебі сенім мен құрмет бар жерде қақтығыстар емес, жаңа мүмкіндіктер пайда болады.