Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ұсталғаны жалған боп шықты
Аида Балаева мәлімдеме жасап, журналистерді жалған ақпарат таратқаны үшін қатаң сынға алды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бүгін бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желілерде Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, кәсіпкер Гаджи Гаджиев және Қауіпсіздік комитетінің бірнеше қызметкері ұсталды деген ақпарат тарады. Кейін бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтыны анықталды.
Алғашқылардың бірі болып ресми түсініктеме берген – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
«Кейбір ресми БАҚ пен анонимді телеграм-арналарда мемлекеттік қызметкерлердің ұсталғаны жөнінде расталмаған ақпарат тарап жатыр. Журналистер мұндай мәліметті жарияламас бұрын деректің шынайылығын тексеруге, кінәсіздік презумпциясын және журналистік этиканы сақтауға міндетті. Жалған ақпарат азаматтарға да, олардың отбасына да зиян тигізуі мүмкін, ар-намысы мен беделіне нұқсан келтіреді және негізінен жала болып саналады», – деді министр.
Ол сондай-ақ жалған мәлімет таратқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын еске салды.
Бұл ақпаратты «ҚазТАГ» агенттігінің тең құрылтайшысы Әсет Матаев та жоққа шығарды:
«Бірнеше дереккөз Астанада СІМ басшысының және басқа да тұлғалардың ұсталғанын растамайды».
Саясаттанушы Данияр Әшімбаев та Мұрат Нұртілеу мен Гаджи Гаджиевпен телефон арқылы сөйлескенін айтып, олардың жұмыс орнында екенін растады:
«Жәбірленушілермен» байланыстым – бәрі жұмысында. Ұсталды, тінту жүрді деген әңгімелер – бос сөз», – деді ол.
Elmedia басылымы да СІМ басшысының жоспарлы іс-шараларға қатысып жатқанын хабарлады. Ал Гаджи Гаджиевке қатысты да ешқандай тергеу әрекеттері жүргізілмеген.
Материал авторы