SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматының «Қайрат» футбол клубы Лига чемпионатының топтық кезеңіне тұңғыш рет шыққанымен, енді сот алдында жауап беруге тура келді. Себеп – Орталық стадионды жалдау ақысын толық төлемеуі.
Алматы қаласы спорттық нысандар дирекциясының ресми жауабына сәйкес, тексеріс барысында клуб 2021–2023 жылдар аралығында жалдау құнын төмендетілген мөлшерде төлеп келгені анықталды. «Қайрат» жылына бар болғаны 30 млн теңге аударса, нақты матчтар мен жаттығулар санына байланысты жалға алу ақысы 322,5 млн теңге болуы тиіс еді.
Үш жылда клуб стадионда 61 матч пен 77 жаттығу өткізген. Бұл үшін жалпы 125,1 млн теңге төлеп, 2024 жылы қосымша 66,35 млн теңге аударған. Алайда сот есепті нормативтік мөлшерлемелерге сүйеніп, мемлекетке келген залалды 131 млн теңге деп бағалады.
«„Қайрат Футбол клубы“ ЖШС Алматы қаласы спорттық нысандар дирекциясының пайдасына 131 млн теңге және 3,9 млн теңге мемлекеттік баж өндіріп алу» – делінген Алматының мамандандырылған экономикалық сотының 4 қыркүйектегі шешімінде.
Клуб өкілдері келісімшарттар бойынша жасалған келісімдерге сүйеніп, талапқа қарсы уәж айтқанымен, сот оларды негізсіз деп тапты.
Соған қарамастан, дирекция «Қайратпен» әріптестікті тоқтатпайтынын, Орталық стадион команда үшін үй аренасы болып қала беретінін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін «Қайрат» Лига чемпионатының топтық кезеңіне өткеніне байланысты 11,6 млрд теңге көлемінде сыйақы алған болатын. Плей-офф кезеңінде алматылық клуб пенальти сериясында «Селтикті» жеңіп, басты еурокубок турниріне жолдама алған еді.
RUS