Қарағандыдағы дәмханада даяшы 4 жасар қыздың үстіне қайнаған су төккен
Бала III дәрежелі күйік алып, ауруханаға түсті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 1 қыркүйек күні Қарағандыда отбасы үлкен қыздарының қабіріне барып қайтқан соң, үйге келе жатып кіші қыздары Мәриямның өтінішімен дәмханаға кірген. Алайда дәмді ас ішемін деген қуаныш үлкен қайғыға ұласқан.
Куәгерлердің айтуынша, даяшы ыдысты үстелге қойған сәтте шәйнектегі қайнаған су төгіліп, 4 жасар қыздың аяғына күйік тиген. Әкесі қызды дереу көтеріп алғанымен, ыстық су денесін зақымдап үлгерген. Анасы жедел түрде күйген жерін сумен суытқан.
«Әкімшілік сасқалақтап, не істерін білмеді. Жедел жәрдемді күйеуім өзі шақырды. Қорғаушыға иесін шақыр деп едім, ол: „Қазір иесімен не істейміз? Күйіп қалса, күйіп қалды“ деп жауап берді», – дейді қыздың анасы.
Дәрігерлер баланың екі саны мен сол аяғының табанына III дәрежелі күйік диагнозын қойды. Қазір ол ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер жағдайы ауырлау екенін, болашақта тері ауыстыру отасы қажет болуы мүмкін екенін жеткізді. Анасының айтуынша, қыз әлі күнге дейін қатты қорқып, әр дыбыстан селт етіп, түнде айқайлап оянады.
Ата-ана дәмхананы немқұрайлылық пен қауіпсіздік ережелерін сақтамағаны үшін айыптап отыр. Олардың айтуынша, екі күн өтсе де мекеме өкілдері баланың жағдайын білуге, көмек ұсынуға немесе хабарласуға тырыспаған.
Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1 қыркүйекте 4 жасар қыз «екі сан мен сол аяқтың табанын қайнаған сумен күйдіріп алған» диагнозымен ауруханаға түскен. Жағдайы – тұрақты, орташа ауыр.
Материал авторы