4279

Алматыда Ресей азаматшасы ұсталды: оның Навальный штабына қатысы бар екені белгілі болды

Қазір Ресей азаматшасы Алматыда қамауда отыр.

Алматыда Ресей азаматшасы ұсталды: оның Навальный штабына қатысы бар екені белгілі болды
Sputnik / Тимур Батыршин

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы әуежайында 31 тамыз күні ұсталған Ресей азаматшасы Юлия Емельянова Алексей Навальныйдың штабында жұмыс істеген.

Алғашында жолаушыны көрген куәгерлер оның саяси себептермен ұсталғанын айтқан. Дегенмен көліктегі полиция департаменті қыздың мүліктік қылмысқа байланысты Ресейде іздеуде жүргенін мәлімдеген.

Адвокат Мұрат Адамның сөзінше, екі нұсқа да шындыққа жанасады.

«Оны Ресейде Қылмыстық кодекстің 158-бабы – "Ұрлық" бойынша іздеуге берген. Айыптауға сәйкес, ол таксистің 12 мың рубль тұратын телефонын ұрлаған-мыс. Бірақ іс жүзінде қудалау оның Навальный штабына қатысы болғаны үшін жүргізіліп отыр. Бұл – саяси астары бар іс», – деді адвокат.

Емельянова соңғы жылдары Грузияда тұрған. Алматыға ол Тбилисиден Вьетнамға ұшып бара жатып келген. Адвокаттың айтуынша, бастапқыда әуе компаниясы оған багажды қайта тіркеу қажет еместігін хабарлаған, алайда Алматыда қайта рәсімдеуге мәжбүр болған. Сол сәтте ол шекаралық аймақта тіркеуден өтіп, ұсталыпты.

Қазір Ресей азаматшасы Алматыдағы тергеу изоляторында қамауда отыр. Сот шешімімен оған 40 күнге экстрадициялық қамау жазасы тағайындалған.

Материал авторы