SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Қорғаныс министрлігінің атауын өзгертіп, тарихи атауын – «Соғыс министрлігі» деп қайтаруды көздеп отыр. Бұл туралы Fox News жазды.
Ақ үйдің ресми өкілі Трамптың тиісті жарлыққа бүгін қол қоюы мүмкін екенін растады. Ақ үйдің ақпараттық бюллетенінде көрсетілгендей, жаңа құжат Қорғаныс министрлігінің атауын қосымша ретінде «Соғыс министрлігі» деп қолдануға және ведомство басшысы Пит Хегсетке «соғыс министрі» деген лауазымдық атауды бекітуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Хегсетке бұл атауды заңнамалық және атқарушы деңгейде тұрақты түрде орнықтыру жолдарын ұсыну тапсырылған. Жарлықтың орындалуы Пентагон ғимаратындағы ресми сайттар мен кеңсе тақтайшаларына дейін өзгерістер енгізуді талап етеді.
«Бізде бұрын Соғыс министрлігі болған кезде ұлы жеңістер тарихы жазылды. Кейін атауы Қорғаныс министрлігі болып өзгерді», – деген еді бұған дейін Трамп.
Айта кетейік, кеше Пентагон басшысы Пит Хегсет президенттің тапсырмасымен АҚШ армиясын «елдің жауынгерлік рухын қалпына келтіру үшін» қайта құру жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол АҚШ-тың ғарышта, әуеде, теңізде және су астында стратегиялық артықшылықты сақтауды көздейтінін айтты.
RUS