11604

Түркістанда 86 отбасы әлеуметтік көмекті заңсыз жолмен алып келген

Тіпті бір мекенжайда 56 өтініш тіркелгені анықталды.

Түркістанда 86 отбасы әлеуметтік көмекті заңсыз жолмен алып келген
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысының прокуратурасы 86 отбасының атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) заңсыз рәсімдегенін анықтады. Оларға мемлекеттен жалпы 17 млн теңге артық төлем жасалған боп шықты.

Қадағалаушы органның мәліметінше, өтініш бергендер шынайы ақпаратты жасырып, жалған деректер көрсеткен.

Мәселен, бір ғана мекенжай 56 өтінішпен тіркеліп, соның негізінде 9,7 млн теңге заңсыз төленген. Бұдан бөлек, 22 отбасы өздерінің көлігі, жер участкелері мен өзге де мүліктері барын жасырған. Тағы 13 отбасы нақты табысын көрсетпеген.

Жалпы тексеріс барысында ондаған миллион теңгені құрайтын заң бұзушылықтар анықталды. Әкімдікке қаражатты қайтару және олқылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілген.

«Сараптама қорытындысы бойынша жалған мәлімет беру мен мүлікті жасыру деректері расталды. Қазіргі таңда әкімдік 36 млн теңгеден астам қаражатты бюджетке қайтару шараларын қабылдап жатыр», – делінген Түркістан облысы прокуратурасының хабарламасында.

Материал авторы