SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, продюсер Гүлзира Айдарбекова өз өнімін жарнамалап, сусабын сату кезінде сынға ілікті.
Әлеуметтік желі қолданушылары тауардың кешігіп жатқанын айтып, наразылық білдіруде. Көпшілігі ұтыс ойыны мен тапсырыс берілген өнімге қатысты шағымдарын жазып қалдырған.
«Ойын өткеніне 15 күн болды, әлі күтудеміз. Неге уәде етіп, уақытында жібермейсіздер?», «Тауарды жеткізе алмайтын болсаңыздар, сатылымға шығарудың қажеті жоқ еді», «Нөмірлеріңізге хабарлассақ, сөндірулі, жауап бермейді», «Мен ұтысымды алмадым», – деп жазды желідегі пікір иелері.
Дамып кеткен сыннан кейін Гүлзира Айдарбекова оқырмандарына түсініктеме берді. Оның айтуынша, тауарлар қалаларға жөнелтілген, ал уақытша кідіріс чектерді дұрыс жібермеуден туындаған.
«Ешкім тауарсыз қалмайды. Телеграмға чек жібергеннен кейін хабарлама барады, қай жерден алу керектігі сонда жазылған. Әр сусабын үшін 1500 теңгеден төлеп отырмын. Міндетті түрде қолыңызға тиеді. Көпшілік чекті қайда жіберу керегін білмей қалады, соның салдарынан кідіріс болып жатыр», – деп түсіндірді продюсер.
Айта кетейік, Гүлзира Айдарбекова жуырда шашқа арналған жаңа сусабын желі арқылы саудалауды бастаған еді.
RUS