4018

Маңғыстауда мұнай-газ саласында 250 млн теңге жымқырылғаны анықталды

ҚазМұнайГаз еншілес компаниясында жемқорлық фактісі әшкереленді

Маңғыстауда мұнай-газ саласында 250 млн теңге жымқырылғаны анықталды
kursiv.media

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында «Ойл Трэнспорт Корпорейшн» компаниясының және мұнай-газ саласында жұмыс істеген мердігер ұйымның қызметкерлеріне қатысты үкім күшіне енді. Олар 250 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырды деген айыппен сотталды.

Өңірлік прокуратураның мәліметінше, өткен жылы жүргізілген тексеріс кезінде «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы – «Ойл Трэнспорт Корпорейшн» жұмысында заң бұзушылықтар анықталған. Техника қабылдау кезінде жасалған схемалар бойынша үш адам – компанияның басшылары мен мердігер ұйым өкілдері ұсталды.

Сот үкімімен компания басшысының орынбасары қызмет бабын теріс пайдаланғаны үшін үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды. Ал мердігер ұйымның екі қызметкері әрқайсысы екі жылға бас бостандығын шектеуге кесілді.

«Сотталғандар келтірілген залалды толық өтеп, 250 миллион теңгеден астам қаржыны қайтарды», – деп мәлімдеді прокуратура.

Анықтама үшін: ТОО «Ойл Трэнспорт Корпорейшн» – «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы. Ол 2002 жылы төрт ірі кәсіпорынды біріктіру арқылы құрылған. Қазіргі кезде «Маңғыстаумұнайгаз» және КМГ-ның басқа да еншілес ұйымдарына тасымалдау қызметін көрсетеді.

Материал авторы