6224

«Талғарда марихуана сатты»: Хасан Қасымбаевтың адвокаттары мәлімдеме жасады

Қорғаушылар сотта айғақ жоқ дейді.

«Талғарда марихуана сатты»: Хасан Қасымбаевтың адвокаттары мәлімдеме жасады
Orda.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Талғар аудандық сотында қаралып жатқан істің аясында Хасан Қасымбаевтың адвокаты мен жұбайы баспасөз мәслихатын өткізді. Олар тергеуде ешқандай нақты дәлел жоқ, іс тек жәбірленушінің сөздеріне сүйеніп құрылғанын айтты.

Қасымбаев пен оның серіктеріне бірнеше бап бойынша айып тағылып отыр: адам ұрлау, соққыға жығу, бопсалау.

Алайда қорғаушылар сот процесіне көңілдері толмайтынын жеткізді. Айтуларынша, істің ішінде жәбірленушілерге қатысты жеке материалдар бар, ал қылмыстық іс заң талаптарын өрескел бұзып жүргізілген.

«Хасан ешқандай айғақсыз, тек резонансқа іліккені үшін сотталып жатыр. Тергеуде бірде-бір дәлел жоқ, іс тек жәбірленушінің куәлігіне негізделген. Облыстық полиция мен прокуратура тарапынан қылмыстық-процестік заңнаманың жаппай бұзылғаны анық», — деді адвокат Ерлан Мендешов.

Айыпталушыны қолдаушылардың айтуынша, жәбірленуші Арман Алимов бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапқа тартылған әрі есірткі сату дерегі бойынша күдікке ілінген.

«Қазір Хасанды айыптап отырған Арман Алимов кезінде «Француз үйінің» инкассаторына шабуыл жасаған. Оған тұрмыстық зорлық үшін бірнеше рет шара қолданылған. Бұдан бөлек, ол Талғарда жастарға марихуана таратқан», — деді белсенді Қуат Ауғанбек.

Қасымбаевтың туыстары мен адвокаттары сот барысын объективті түрде көрсетуге БАҚ-ты шақырды.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың қазан айында «Камажай» дүкенінде болған қанды оқиғадан кейін (онда Шерзат Полат қаза тапқан) Хасан Қасымбаевтың есімі «Хуторские» қылмыстық тобына қатысты атала бастады. Бірақ ол мұны жоққа шығарып, «арым таза» деп мәлімдеген. Өткен жылдың қарашасында ол қамауға алынып, қазір соты жүріп жатыр.

Материал авторы