Түркістанда оқушыны интим суреттерімен қорқытқан жігіт ұсталды
Оқушының туыстары бірден полицияға жүгінген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысында 19 жастағы жігіт мектеп оқушысын интим сипаттағы суреттерімен бопсалағаны үшін ұсталды. Бұл туралы Otyrar.kz жеткізді.
Тергеу мәліметінше, жігіт түрлі уәделер айтып, кәмелетке толмаған қыздан жеке суреттерін алған. Кейін ол суреттерді жариялап жіберемін деп қорқытып, кездесуге мәжбүрлемек болған.
Оқушының туыстары бірден полицияға жүгінген. Алайда олар істің жабылып қалуынан алаңдайтынын айтқан.
Облыстық полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын растады.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті анықталып, полицияға жеткізілді. Қазіргі таңда істің барлық мән-жайы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – делінген ведомство хабарламасында.
Құқық қорғаушылар істің өзге деректерін жария етпей отыр.
Сонымен бірге полиция азаматтарға кез келген бопсалау жағдайында бірден құқық қорғау органдарына хабарласу қажеттігін ескертті. Өз бетімен әрекет ету немесе қылмыскердің талабына көну мәселені ушықтыруы мүмкін.
Материал авторы