SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желілерде әкесін ұрып-соққан Түркістан облысының тұрғыны мешітте жұмыс істейді деген ақпарат тарады. Алайда облыстың бас имамы Ержан Төлепов бұл деректі жоққа шығарды.
Имам Facebook-тегі парақшасында мәлімдеме жасап, Шардара ауданының тұрғыны діни қызметпен ешқашан айналыспағанын айтты.
«Аталған азамат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкері емес. Ол ешқашан азаншы болған жоқ және дін саласында жұмыс істемеген. Оның кәсібі дінге қатысы жоқ – асаба болып жұмыс істейді», – деді Ержан Төлепов.
Сондай-ақ ол ҚМДБ мұндай әрекеттерді қатаң айыптайтынын, ата-ананы сыйлау – мұсылман үшін ең басты парыздардың бірі екенін ерекше атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында ер адамның қарт әкесін аяусыз ұрып-соққан сәті түсірілген видео тараған болатын.
RUS