SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатында 23 жастағы украиналық босқын Ирина Заруцкаяны өлтіру оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірді. Қызға шабуыл жасаған қылмыскердің бұған дейін 14 рет сотталғаны анықталды. Соған қарамастан ол үнемі бостандыққа шығып отырған.
Қанды оқиға тамыз айында Шарлотт қаласында болды. 34 жастағы Декарлос Браун метропойызда отырған Заруцкаяға артынан келіп, бірнеше рет пышақ сұққан. Қыз оқиға орнында қаза тапты. Шабуылдың еш себебі болмағаны айтылады. Қылмыскерге бірінші дәрежелі кісі өлтіру бабы бойынша айып тағылды.
Оқиға видеосы әлеуметтік желілерде тарап, халықтың ашуын туғызды. Қала мэрі Виола Лайлс бұл жағдайды «сот жүйесінің сойқан қателігі» деп атады.
АҚШ президенті Дональд Трамп та пікір білдіріп, Заруцкаяның отбасына көңіл айтты. Ол қылмыскердің әр жолы кепілсіз босап шыққанын демократтардың әлсіз саясатының салдары деп бағалап, судьяларды жауапқа тарту қажет екенін айтты.
Марқұм туралы туыстары «қабілетті суретші, жануарларды жақсы көретін, өмірге құштар жан еді» деп еске алды. Ол 2022 жылы Украинадағы соғыстан қашып, АҚШ-қа келген болатын.
Солтүстік Каролина губернаторы Джош Стайн да бұл оқиғаға байланысты мәлімдеме жасап, қауіпсіздік шараларын күшейтуді талап етті. Ал республикашыл саясаткерлер қауіпті қылмыскерлерді босатқан судьяларды заң алдында жауапқа тарту қажеттігін көтеріп жатыр.
RUS