SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлескен кезде Дохадағы ХАМАС басшылығына бағытталған соққыны «ақылға қонымсыз шешім» деп атады.
The Wall Street Journal мәліметінше, әңгіме шиеленісті жағдайда өтті. Трамп АҚШ-тың бұл операция туралы алдын ала емес, шабуыл жүріп жатқан сәтте ғана хабардар болғанына ашуланған. Сондай-ақ соққы АҚШ-тың одақтасы әрі бітімгер рөлін атқарған Катар астанасына жасалғанына наразы болған.
Нетаньяху болса, «бұл мүмкіндікті пайдалану үшін қысқа уақыттық терезе болды» деп жауап берген. Сол күні екінші рет өткен әңгіме біршама достық сипатта өткені айтылады.
Катар премьер-министрі Мұхаммед бен Абдеррахман әл-Тани CNN-ге берген сұхбатында Израильдің әрекетін «жабайылық» және «мемлекеттік террор» деп атап, бұл қадам ХАМАС ұстап отырған израильдік тұтқындарды босату мүмкіндігін жойғанын айтты. Ол енді Қатардың кез келген болашақ келіссөздерге қатысуын қайта қарайтынын жеткізді.
9 қыркүйекте Израиль алғаш рет Қатардағы ХАМАС нысандарына соққы жасаған. Дохадағы жарылыстарға әлем елдері, соның ішінде Қазақстан, БҰҰ мен араб мемлекеттері, сын айтып, бұл әрекетті Қатардың егемендігін бұзу деп бағалады.
RUS