Ресейлік сарбаз қазақ жігітін өлтірген: марқұмның қызы бір жылдан бері әділдікті талап етіп жүр
Украинаға қарсы соғысып жүрген ер адам Ресейдің Магнитогорск қаласында тұратын қазақ жігіті Қайрат Юсуповты өлтірген көрінеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейдің Магнитогорск қаласында қаза тапқан Қайрат Юсуповтың қызы, 17 жастағы Айзада Юсупова әкесінің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғауды талап етті. Оның үндеуі «Челябинск Будущего» телеграм-арнасында жарияланды.
Оқиға 2024 жылдың жазында болған. Айзада әкесінің ресейлік әскери Руслан Пронинмен жеке кикілжіңге байланысты жанжалға түскенін айтады. Украинадағы соғысқа қатысушы сарбаз Юсуповты аяусыз ұрып-соққан. Кейін марқұм қызына қоңырау шалып, өзін соққыға жыққанын, ал Пронин полицияға шағымданса өлтіремін деп қорқытқанын жеткізген.
29 шілде 2024 жылы Қайрат Юсупов миына қан құйылып көз жұмды.
«Басты әскери прокуратура үнсіз, кезекшілер күтіңдер дейді. Тергеушінің де өзіне маңыздырақ істері бар екен. Біз бір жылдан бері күтіп отырмыз», – дейді Айзада Юсупова.
Күдікті Руслан Пронин оқиғадан кейін қайтадан Украинаға аттанып кеткен. Сол себепті іс уақытша тоқтап қалған. Марқұмның артында Айзададан бөлек тағы үш баласы қалды.
Материал авторы