1645

«Елге ой салу үшін құттықтадым»: Ардақ Назаров халыққа жауап қайтарды

Мәжілісмен Ардақ Назаров анасын құттықтағаны үшін сынға қалған еді.

«Елге ой салу үшін құттықтадым»: Ардақ Назаров халыққа жауап қайтарды
instagram.com/ardaknazarov

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров парламент отырысында анасын туған күнімен құттықтаған сәтіне қатысты пікір білдірді. Ол әлеуметтік желіде айтылған сынға жауап ретінде жазба жариялады.

«Анасын туған күнімен құттықтады деп даурығып жатқандарға жол болсын. Кеше ғана әкесін қорлап, ұрып-соққан видеоны бәріміз көрдік. Ол – қабырғамызды қайыстырды. Осындай сәтте елге ой салу үшін, өскелең ұрпаққа сабақ болсын деген ниетпен биік мінберден анама деген құрметімді жеткізгім келді», – деді Назаров.

Депутаттың айтуынша, мәселе құттықтаудың қайда айтылғанында емес, ата-анаға деген құрметті ұмытпау керегінде.

Сонымен қатар ол қоғамда одан да маңызды мәселелер барын атап өтті: «Тоқтаусыз ажырасулар, қыздардың қорлануы, тастанды сәбилер, есірткі, арақ, қылмыс, балалар үйлеріндегі қаракөздердің көбеюі – міне, нағыз қасірет».

Назаров 2004 жылдан бері балалар үйіне көмек көрсетіп жүргенін де айтты. Оның сөзінше, соңғы екі жылда бір ғана мекемедегі балалар саны 52-ден 158-ге дейін өскен.

«Ұрпағымызды қалай тәрбиелейміз, ұлтымыздың жолын қалай қалыптастырамыз – осы сұрақ бәріміздің басты уайымымызға айналмайынша, ел болып кетуіміз қиын», – деді депутат.

Материал авторы