SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Оскар жүлдесін алған «Басқа жер жоқ» фильмінің авторларының бірі, палестиналық режиссер Базель Адра Израиль әскери қызметкерлерін үйіне басып кірді деп айыптады. Бұл оқиға Масафер-Ятта ауданындағы оның ауылында болған.
Кинорежиссердің айтуынша, сарбаздар оның жұбайы Сухадан қайда жүргенін сұрап, телефонын тексерген. Тінту кезінде олардың тоғыз айлық қызы да үйде болған.
Сол күні таңертең израильдік қоныстанушылар ауылға шабуыл жасап, Адраның екі бауырын және бір туысын жарақаттаған. Ол оларды ауруханаға жеткізгенде, әскери күштердің үйін тінтіп жатқанын естіген.
Израиль армиясы болса жағдайды басқаша түсіндіреді. Ресми мәліметке сәйкес, рейд ауылға жасалған шабуылдан кейін басталған. Әскерилер «қолда бар күдіктілерді сұраққа алды», олардың қатарында Базель Адра да болғанын The Times of Israel жазды.
Адра бұл оқиғаны «қорқынышты» деп бағалады.
«Камераға қоныстанушыларды түсіргеннің өзінде әскерилер келіп, бізді қудалап, үйімізді тінтеді. Бүкіл жүйе бізді үркітіп, қорқытуға бағытталған», – деді ол.
«Басқа жер жоқ» фильмі Базель Адра, Хамдан Баллал, Юваль Абрахам және Рахель Сзордың бірлескен туындысы. Картинада Масафер-Яттадағы палестиналықтардың қонысынан айрылмау үшін жүргізген күресі баяндалады.
Айта кетейік, Масафер-Яттада 1980-жылдары Израиль әскері бұл аумақты әскери жаттығу алаңы деп жариялап, тұрғындарды көшуге мәжбүрлеген. Соған қарамастан мыңға жуық араб бедуині қалып, үнемі үй-жайы, су қоймалары мен бақтары қиратылып келеді.
БҰҰ дерегінше, 2023 жылдың 7 қазанынан бері Израиль армиясының операциялары салдарынан Батыс жағалауда 900-ден астам палестиналық қаза тапқан.
RUS